Финляндия президенті Александр Стубб Украинадағы қақтығысты реттеу мақсатында Ресеймен келіссөз жақын арада қайта жандануы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

"Мен Еуропаның келіссөзге қайта оралып, диалогты қалпына келтіргенін қалар едім", – деді ол Култаранта президенттік резиденциясында өткен форумда. Стуббтың айтуынша, Еуропа елдері мен Ресей арасында дипломатиялық та, бейресми де байланыстар жалғасып келеді.

Сондай-ақ ол белгілі бір кезеңде диалогты тек еуропалық деңгейде емес, сонымен бірге Мәскеу мен Хельсинки арасындағы екіжақты форматта да қайта бастау қажет болатынын атап өтті. Финляндия президенті сәрсенбі күні Еуропа Ресей басшылығымен дипломатиялық диалог орнататын уақыт келгенін де айтты.

Оның пікірінше, бұл мәселеде еуропалық елдер өз іс-қимылын үйлестіруі керек. Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Кремль Еуропаның келіссөзді бастауға шынайы ниетті екеніне көз жеткізбейінше, мұндай бастамаларға аса мән бермеу қажет екенін мәлімдеді.