Словакия премьер-министрі Роберт Фицо елдің «Еріктілер коалициясына» қосылуы мемлекеттің бейбітшілікке негізделген саясатына қайшы келетінін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Словакияның euBrief басылымы Францияның Словакиядағы елшілігіне сілтеме жасап, елдің аталған коалицияға қосылғаны туралы хабарлаған болатын. Алайда Фицо бұл ақпаратты жоққа шығарып, Словакияның Украинадағы қақтығысты қолдайтын коалицияға мүше болмағанын және болмайтынын айтты.

«Мұндай бірлестікке қатысу біздің бейбітшілік саясатымыздың мәніне қайшы келеді. Біз Украинамен тек екіжақты негізде ынтымақтастық жасаймыз», – деді премьер-министр әлеуметтік желіде жарияланған бейнеүндеуінде.

Оның айтуынша, Словакия Украинаға әскери немесе қаржылық көмек көрсетпейді, тек гуманитарлық қолдау ғана ұсынады.

«Еріктілер коалициясына» 30-дан астам мемлекет кіреді. Бірлестіктің бастамашылары – Ұлыбритания мен Франция. Қаңтар айында коалиция жетекшілері бейбіт келісім жасалғаннан кейін Украина аумағына әскер орналастыру ниеті туралы декларацияға қол қойған болатын.

Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 13 шілдеде бұл коалицияны «соғысты қоздырушы топ» деп атап, оның мүшелері бейбітшілікті емес, қақтығыстың жалғасуын қолдайды деген пікір білдірді.