Абай облысында «Ықыбай» шаруа қожалығының басшысы мемлекеттен алған жеңілдетілген несиені мақсатсыз жұмсап, ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталуда, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеуіне сәйкес, ол жалған құжаттар арқылы жалпы сомасы 250 млн теңгеден асатын екі бірдей жеңілдетілген несие алған.
Бұл қаражат мал шаруашылығын дамытуға арналған. Алайда кәсіпкер мал сатып алудың орнына, ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсап жіберген. Несиені алу үшін ол кепілге қоятын мүлкі мен малының бар екені туралы жалған мәлімет ұсынған.
Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 211 млн теңгені құрады. Күдікті бұл соманы толығымен өтеген. Қазір ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта. Іс материалдары сотқа жолданды.
