Қазақстандық дзюдошы Фатима Сұпығалиева Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Туризм және спорт министрлігінің хабарламасында аталған ақпарат расталды. «52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында отандасымыз Португалия өкілі София Гаспардан басым түсіп, Олимпиада тұғырының ең биік сатысына көтерілді», — деп жазылған хабарламада.
Фатима финалға дейін де қарсыластарынан басым түсті. Ширек финалда Коста-Рика спортшысы Химена Моралес Гамбоаны иппонмен жеңсе, жартылай финалда словакиялық Вивьен Вадовицованы қапы қалдырды.
Осылайша, Сұпығалиева жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.
