Алматы облысында тұрғын үй кешенінің құрылысы кезінде фасад плиталарының ақаулы болып шығуына байланысты жеткізуші компания құрылыс салушыға 43,5 млн теңге төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоғарғы соттың мәліметінше, алғашқы ақаулар анықталғаннан кейін жеткізуші сапасыз плиталарды ауыстырған. Алайда қайта монтаждаудан кейін панельдер қайтадан бұзыла бастаған — оларда көптеген жарықтар пайда болған.

«Зертханалық зерттеулер фасад плиталарының беріктігі мен тығыздығы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін көрсетті. Құрылыс салушы ақаулы панельдерді өз есебінен бұзып, жаңаларын орнатуға мәжбүр болды. Бұл жұмыстар мен оған байланысты шығыстарға компания шамамен 23 млн теңге жұмсады. Бұған дейін құрылыс салушы жеткізушіден сапасыз өнімнің құны ретінде 19,35 млн теңге өндіріп алған болатын. Жаңа талап арызда компания ақаулы плиталардан туындаған шығыстарды өтеуді талап етті. Шығындардың жалпы сомасы 43,5 млн теңгені құрады», — делінген сот хабарламасында.

Жеткізуші бұл талаптармен келіспеген. Оның нұсқасы бойынша, панельдер тапсырыс беруші монтаж технологиясын бұзғандықтан бұзыла бастаған.

Сот бұл дәлелмен келіспеді. Іс материалдарында құрылыс салушының шығыстары мен жеткізушінің тауар сапасы бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамауы арасындағы себеп-салдарлық байланыс анықталғаны көрсетілген. Сот монтаж технологиясының бұзылғаны туралы дәлелдемелерді анықтаған жоқ.

Іс бастапқыда Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралған. Тараптардың өтінішхаты бойынша ол Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына берілген.

Сот жеткізушіден 43,5 млн теңге шығынды және тағы 4,3 млн теңге сот шығыстарын өндірді.

Апелляциялық саты шешімді өзгеріссіз қалдырды.