Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы (ЕКПА) Қазақстандағы саяси және конституциялық реформаларды қолдайтын жазбаша декларация қабылдады. Құжат 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдум қорытындыларына арналған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Декларацияның авторы – ЕКПА депутаты, «Еуропа үшін либералдар мен демократтар альянсы» тобына кіретін Мехмет Акалын (Түркия). Құжатқа еуропалық елдердің әртүрлі саяси топтары мен ұлттық делегацияларын өкілдік ететін 22 парламентарий қол қойды.

Декларацияда референдум Қазақстанның институционалдық трансформациясы мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі деп аталды. Құжат авторлары теңгерімді басқару моделіне көшу, есеп беру механизмдерін нығайту, азаматтардың конституциялық сот төрелігіне қолжетімділігін кеңейту және адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту бағытын құптады.

Сондай-ақ ЕКПА Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы қолданыстағы ынтымақтастық тетіктері аясындағы конструктивті өзара іс-қимылды атап өтті. Парламентарийлердің пікірінше, мұндай диалог конституциялық даму, құқық үстемдігі және адам құқықтарын қорғау мәселелерінде тәжірибе алмасуға ықпал етеді.

Бұдан басқа, декларация авторлары Қазақстанның демократиялық басқару мен құқық үстемдігін нығайту жөніндегі одан әрі күш-жігерін қолдауға дайын екендіктерін білдіріп, елді Еуразия аймағындағы сенімді серіктес деп атады.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларды жүзеге асыру мемлекеттік басқаруды одан әрі жаңғыртуға және «Әділетті Қазақстан» қағидатын дамытуға бағытталғанын бірнеше рет мәлімдеген болатын.