Еуропалық одақ Еуропалық бәсекеге қабілеттілік қоры аясында қаржы беру үшін Украинаға жаңа шарттар ұсынуы мүмкін, деп жазды Politico. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Франция және тағы бірнеше мемлекет сыртқы ойыншылардың қатысуын шектегісі келеді, ал Еуропа астаналарының басым бөлігі Еуроодаққа кірмейтін елдердің компанияларына кеңірек мүмкіндік беруді қолдайды», – деп жазылған мақалада.
Басылымның мәліметінше, пікір қайшылығы көлемі 409 млрд еуроны құрайтын қор туралы келіссөздер барысында туындаған.
Мәселе ЕО-ға кірмейтін елдердің қорғаныс қорына қатысып, оның қаржысын пайдалана ала ма және бұл үшін қандай шарттарды орындауы керек дегенге келіп тіреледі.
Politico атап өткендей, бұған дейін Киев пен Ослоның қорға автоматты түрде қатысуына мүмкіндік беріледі деп болжанған.
Алайда қазір ЕО кеңесіне төрағалық ететін Ирландия одаққа кірмейтін барлық елді қауымдастық туралы келісімге қол қоюға және үлес қосуға міндеттеуді ұсынып отыр.
Бұл үлес қаржылай немесе Украина жағдайында қорғаныс технологиялары түрінде болуы мүмкін.
