Еуроодақ Украинаға қаржылық көмек беру үшін Киевтен қажетті реформаларды жүргізуді талап етті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Британдық Financial Times газетінің мәліметінше, Еурокомиссар Валдис Домбровскис пен Марта Кос Украина парламентінің спикеріне хат жолдаған. Хатта Украина 2026 жылы қосымша қаржылық көмекке бұрынғыдай үміт арта алатыны, алайда бұл үшін талап етілген реформаларды жүзеге асыруы қажет екені атап өтілген.

Басылымның мәліметінше, хатта елдегі саяси маңызы бар тұлғаларға қатысты Украинаның қаржылық мониторинг жүйесін қандай да бір деңгейде әлсіретуге жол берілмейтіні атап көрсетілген.

Бұған дейін экономика жөніндегі еурокомиссар Валдис Домбровскис Euractiv порталына берген сұхбатында Украинаның 2026 жылға арналған негізгі бюджеттік қажеттіліктері қосымша қаржы тапшылығы туралы Киевтің мәлімдемелеріне қарамастан, қазірдің өзінде қаржыландырылғанын айтқан.

Сонымен қатар Украина президенті Владимир Зеленский тамыз айының соңында ел бюджетінде 27 миллиард доллар көлемінде қаржы тапшылығы пайда болғанын мойындады. Ол Еуропадан келесі жылға жоспарланған қаражаттың бір бөлігін қазірдің өзінде беруді сұрады.

ЕО өкілдері қаражатты мерзімінен бұрын бөлу 2027 жылға қарай қосымша мәселелер туындатуы мүмкін екенін айтып, Украинаны бұған дейін қарастырылған қаржылық көмекті алуға мүмкіндік беретін қажетті реформаларды жүзеге асыруға шақырды.