Еуропалық Одақ Украинаға болашақ IRIS2 қауіпсіз байланыс спутниктері шоғырынан алынған деректерге қол жеткізуді ұсыну бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы ғарыш және қорғаныс жөніндегі еуропалық комиссар Андрюс Кубилюс мәлімдеді.
IRIS2 жобасы Еуроодақ үкіметтері мен компанияларына егеменді және қауіпсіз байланыс желісіне қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін төмен орбиталы спутник шоғырын құруға бағытталған.
«Жүздеген IRIS2 спутнигінен тұратын шоғыр әлемдегі ең жақсы қауіпсіз спутниктік байланысты қамтамасыз етеді. Бұл Еуроодақ әскери күштеріне бірыңғай жүйе аясында байланыс орнатуға және өз әрекеттерін үйлестіруге мүмкіндік береді. Біз Украинаның бұл күш-жігерге қосылуын қалаймыз. Сондықтан біз Украинаның GOVSATCOM және IRIS2-ге қосылуы бойынша келіссөздерді бастадық», — деді Кубилюс Париждегі халықаралық ғарыш конференциясында сөйлеген сөзінде.
Жүйені ұлттық агенттіктер, әсіресе әскери және барлау мақсаттары үшін кеңінен пайдалану жоспарланып отыр. Оның жұмысы ұлттық үкіметтер арасында шифрланған деректерді беру бойынша қолданыстағы GOVSATCOM бағдарламасына негізделеді.
IRIS2 жүйесін пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
