Еуропалық комиссия жұма күні Украинаның бюджеттік қажеттіліктері мен мемлекеттік аппараттың жұмысын қаржыландыру үшін 2,9 миллиард еуро аударды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Еуропалық комиссияның мәлімдемесінде айтылған. 2022 жылдан бері ЕО мен оған мүше мемлекеттердің Киевке көрсеткен жалпы қолдауы 227,4 миллиард еуроға жетті.
«Бүгін Еуропалық комиссия Украинаның қаржылық қажеттіліктерін қолдауға және мемлекеттік басқару органдарының жұмысын қамтамасыз етуге 2,9 миллиард еуро бөлді... 2022 жылдан бері ЕО мен оған мүше мемлекеттер Украинаға жалпы сомасы 227,4 миллиард еуро болатын қолдау көрсетті. Оның ішінде 3,8 миллиард еуро бұғатталған ресейлік активтерден түскен кірістер есебінен берілді», — делінген хабарламада.
Жұма күні аударылған қаражаттың 800 миллион еуросы алғаш рет 2026-2027 жылдарға арналған көлемі 90 миллиард еуроны құрайтын Ukraine Support Loan несиесі аясындағы Ukraine Facility механизмі арқылы берілді.
Еуропалық комиссияның мәліметінше, 2026 жылдың соңына дейін Украинаға тиісті шарттарды орындаған жағдайда тағы 33,7 миллиард еуро көлемінде қаржылық қолдау қолжетімді болады. Оның 29,3 миллиард еуросы Ukraine Support Loan аясында, ал 4,4 миллиард еуросы бастапқы Ukraine Facility бағдарламасы бойынша қарастырылған.
