Еуроодақ Украинаға қақтығыс басталғалы бері 231,5 млрд еуро көлемінде көмек көрсетті, деп хабарлады Еуропалық комиссия. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Украинаның ең ірі қолдаушысы ретінде Еуроодақ 231,5 млрд еуро бөлді», – делінген сәрсенбі күні Брюссельде өткен ЕО, АҚШ, НАТО және Украина өкілдерінің кездесуінен кейінгі мәлімдемеде.
Кездесу соғыстан кейінгі Украинаны қалпына келтіру мәселесіне арналды. Оған Германия, Франция, Ұлыбритания және Дүниежүзілік банк өкілдері де қатысты.
Тараптар соғыстан кейінгі экономикалық даму перспективаларын, реформаларды жүргізу және жеке инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
Бұған дейін Еуроодақ 2026-2027 жылдары Украинаға 90 млрд еуро көлемінде кредит беруді мақұлдаған болатын. Бұл қаражат Киевтің қаржылық қажеттілігінің шамамен үштен екісін жабуға тиіс.
Алайда Politico басылымының мәліметінше, серіктестер уәде еткен қаражаттың едәуір бөлігі әзірге бөлінбеген.
