Еуроодақ Кеңесі Украинадағы қақтығысқа байланысты Ресейге қарсы енгізілген экономикалық санкцияларды ресми түрде бір жылға, яғни 2027 жылдың 31 шілдесіне дейін ұзартты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Еуроодақтың заң шығарушы органының мәлімдемесіне сәйкес, «Кеңес бүгін Ресей Федерациясының Украинадағы жағдайды тұрақсыздандыру бойынша жүргізіп жатқан әрекеттеріне жауап ретінде Еуроодақтың шектеу шараларын тағы 12 айға, яғни 2027 жылдың 31 шілдесіне дейін ұзартты».

Еуроодақ Кеңесі қазіргі шектеулер саудаға, қаржы секторына, энергетикаға, қос мақсатты технологияларға және ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін импорттауға қолданылатынын, сондай-ақ бірқатар ресейлік банк пен БАҚ-қа шектеулерді қамтитынын еске салды. Мәлімдемеде Еуроодақ қосымша шаралар қабылдауға дайын екені көрсетілген.

18-19 маусымда Брюссельдегі саммитте Еуроодақ көшбасшылары экономикалық санкцияларды алты айдың орнына бір жылға ұзарту туралы саяси келісімге келді және Ресейге қарсы шектеу шараларының 21-ші пакетін жеделдетіп қабылдауға шақырды.

Өз кезегінде Ресей бірнеше жыл бұрын Батыстың оған қарсы қолдана бастаған және әлі де күшейіп келе жатқан санкциялық қысымына елдің төтеп беретінін бірнеше рет мәлімдеді.