Еуроодақ қазан айының ортасына қарай Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін талқылап, бекітуді көздеп отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Известия» газетінің аты аталмаған дереккөзінің хабарлауынша, Ресейге қарсы жаңа 22-ші санкциялар пакетінің жобасын Еуропалық комиссия дайындап жатыр және ол әзірге Еуроодақ Кеңесінің қарауына ұсынылған жоқ. Дереккөздің сөзінше, барлық процедураны 12 қазандағы Сыртқы істер кеңесінің отырысына дейін аяқтау жоспарланып отыр, алайда бұл мерзім ертерек болуы да мүмкін.

Еуропалық тағы бір дипломатиялық дереккөздің айтуынша, әлеуетті жаңа санкциялар пакетіне ауқымды шектеулер кіруі екіталай. Бұл тәсіл ЕО-ның қолданыстағы шектеулерді айналып өтуге жол бермеу әрекеттеріне назар аударғысы келетінімен байланысты. Дереккөздің мәлімдеуінше, пакет санкциялардан жалтаруға қарсы күреске және осы схемаларда делдал ретінде әрекет ететін ұйымдарды қара тізімге қосуға бағытталады.

Еске салайық, 23 шілдеде Еуроодақ Кеңесі Ресейге қарсы 21-ші санкциялар пакетін мақұлдаған болатын. Financial Times басылымы еуропалық шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, сол кезде мұндай шаралар бойынша келісудегі қиындықтарға байланысты бұл соңғы болуы мүмкін екенін хабарлаған еді.

Еуроодақтың алдыңғы санкциялар пакеттерін бекіту кейбір елдердің ұстанымына байланысты бірнеше рет қиындықтарға тап болды. Олар бұл тәсілді Ресейге қарсы шектеулердің Еуропа елдерінің экономикасына тікелей теріс әсеріне байланысты сынға алды.

Шілде айының соңында, Ресейге қарсы шаралардың 21-ші пакеті қабылданғаннан кейін, Ресей Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Батыс санкциялары Ресей экономикасын салдандырмағанын, қиындықтар тудырғанымен, дамып келе жатқанын мәлімдеді.