Еуропалық одақ Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен кірістер есебінен Украинаны қолдауға бағытталатын тағы бір траншты алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің мәлімдеуінше, Украинаға тағы 1,4 миллиард еуро бөлінеді. Еурокомиссия бұл қаражат осындай түсімдердің бесінші траншы екенін нақтылады.
Ресми мәлімет бойынша, активтер бұғатталған сәттен бастап шамамен 8 миллиард еуро көлемінде осындай кіріс әкелген. ЕО шешімі бойынша бөлінген 1,4 миллиард еуроның 95 пайызы Украинаға бұрын берілген қаржылық көмекті өтеуге жұмсалады.
Бұл қаражат G7 елдерінің бастамасы аясында берілген несие бағдарламасы арқылы бағытталады. Қалған 5 пайызы Киевтің әскери қажеттіліктерін қолдауға арналған Еуропалық бейбітшілік қорына (EPF) беріледі.
Еурокомиссия Ресей Орталық банкінің өз активтері әлі де бұғаттаулы екенін хабарлады. Ал осы активтерді пайдаланудан түскен пайыздық табыс ЕО шешімімен Украинаға көмек көрсетуге жұмсалып жатыр.
