Еуропалық одақтың бірқатар елі Украинаға қаржылай көмек көрсету үшін бұғатталған Ресейдің мемлекеттік активтерін пайдалану мәселесін қайта көтермек. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Financial Times газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Украинадағы қақтығыс басталғаннан кейін ЕО және G7 елдері Ресейдің алтын-валюта резервтерінің шамамен жартысын, яғни 300 млрд еуроға жуық қаражатты бұғаттаған. Оның 200 млрд еуродан астамы Еуроодақта, негізінен Бельгиядағы Euroclear есеп айырысу жүйесінде орналасқан.

Швеция, Нидерланды, Испания және Польша бастаған бірқатар ЕО елі Еурокомиссияны осы активтерді Украинаға қаржыландыру үшін пайдалану жөніндегі жұмысты қайта бастауға шақырмақ. Тиісті хат бейсенбі күні жіберіледі.

Құжат авторлары Еурокомиссиядан активтерді пайдаланудың техникалық және құқықтық тетіктерін зерттеуді, сондай-ақ Бельгияның қарсылығын айналып өтуге мүмкіндік беретін балама жолдардың бар-жоғын анықтауды сұрайды.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батыс елдері Ресей активтерін тәркілеген жағдайда Мәскеу жауап қайтаратынын мәлімдеген. Оның айтуынша, Ресейдің де Батыс елдерінің қаражатын қайтармауға мүмкіндігі бар.