Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі ет бағасының құбылуын әлемдегі етке деген сұраныстың артуымен байланыстырады. Бұл туралы ведомство басшысы Арман Шаққалиев мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бағаның өсуіне не себеп болғаны баршаға белгілі. Бүгінде біз жалпы етке деген сұраныстың өте жоғары екенін көріп отырмыз. Өткен жылы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымының көрсеткіштеріне мониторинг жасадық. Ал Парсы шығанағындағы оқиғалар қой еті бағасының құбылуына ықпал етті», – деді Шаққалиев.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда ет бағасы күрт қымбаттап жатқан жоқ. «Бағаның күрт шарықтағанын байқап отырған жоқпыз. Баға, әрине, өзгеріп тұрады, бірақ жалпы алғанда тұрақты. Бүгінде мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуде ешқандай іркіліс жоқ», – деді сауда министрі.
Оның айтуынша, қазір нарықта сүйекті сиыр етінің бір келісі 3 700 теңге тұрады, ал сауда желілерінде баға сәл жоғары.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда қой еті 17%-ға, жылқы еті 4,4%-ға, ал тауық еті 5%-ға қымбаттаған.
