Мәжіліс газ есептегіштерін қашықтан дерек беретін «ақылды» құрылғыларға ауыстыру туралы заң жобасын қарап жатыр. Ең бастысы, жаңа құрылғылар халықтың емес, газбен жабдықтаушы компаниялардың есебінен орнатылады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта абоненттердің тек 5%-ы ғана осындай заманауи құрылғыларды пайдаланады. Қалған тұтынушылар көрсеткіштерді ескі әдіспен, яғни қолмен тапсыруға мәжбүр. Бұл жаңа заң жобасы осы үдерісті толық цифрландыруды көздейді.

Бір «ақылды» есептегіштің құны шамамен 37 мыңнан 55 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ бұл шығынды тұтынушылар көтермейді. Жобаны «QazaqGaz Aimaq» және «QazaqGaz» ұлттық операторы, сондай-ақ процестерді цифрландырудан үнемделген қаражат есебінен қаржыландыру жоспарланып отыр.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, қазірдің өзінде нарықта қажетті құрылғылар көлемін қамтамасыз етуге дайын бірнеше отандық өндіруші бар.

Фото: Әлеуметтік желіден