«Самұрық-Қазына» қоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін Астанадағы қызметкерлерінің 10%-ын қысқартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, елордадағы кеңседе жұмыс істейтін 6,5 мың адамның 650-ге жуығы жұмыстан босатылады. Ол бұл қысқартудың өндірістегі жұмысшыларға емес, тек әкімшілік-басқарушы персоналға қатысты екенін атап өтті. Кімнің жұмыста қалатыны олардың еңбек тиімділігіне қарай шешілмек.

Еске сала кетейік, 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қорда «ештеңе істемей, әбден зеріккен» қызметкерлердің барын айтқан болатын.

««Самұрық-Қазына» қорындағы басқарушы буын тым көп. Ұлттық компаниялардың құрылымын қайта қарау керек. Әсіресе, ештеңе істемей, әбден зеріккен «сол жағалаудағы» қызметкерлерге қатысты шешім қабылдау қажет», – деген еді Тоқаев.»