Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ержан Сәденовті Ішкі істер министрі лауазымына қайта тағайындады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойған. Жарлықта: "Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Сапарбекұлы Сәденов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымына тағайындалды", - деп жазылған.

Ержан Сәденов бұл лауазымға алғаш рет 2023 жылдың 2 қыркүйегінде тағайындалған болатын. Сол кезде ол Марат Ахметжановтың орнына қызметке келген.

Ержан Сәденов кім

Полиция генерал-майоры Ержан Сәденов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған ауылында дүниеге келген.

1993 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, 1998 жылы ҚР ҰҚК Қарағанды жоғары мектебін тәмамдаған.

Қызмет жолын 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысы ІІБ ауданаралық жедел-іздестіру бөлімінің жедел уәкілі лауазымынан бастаған.

Әр жылдары ШҚО-да ішкі істер саласында басшылық қызметте болған, одан бөлек Өскемен қаласы ІІБ-нің бастығы, Маңғыстау облысы ІІД бастығының бірінші орынбасары, ІІМ "Р" департаментінің бастығы, көліктегі ІІД бастығы, Ақмола облысы және елорданың полиция департаментінің бастығы, ішкі істер министрінің орынбасары сынды лауазымды қызметтер атқарған.