Ертіс өзеніне 22 мың Сібір бекіресінің шабағы жіберілді, деп хабарлады Абай облысының әкімдігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Балықтандыру жұмыстары 29-30 қазан күндері облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды. Шара Жаңасемей ауданына қарасты Крупское ауылы маңында өтті.
Өзенге жіберілген шабақтардың 8 мыңы – салмағы кемінде 150 грамм болатын бір жылдық балықтар, ал 14 мыңы – биыл өсірілген, салмағы кемінде 20 грамм болатын шабақтар, деп жазылған хабарламада.
Балықтандыру жұмыстары Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Саратовка ауылдық округінде орналасқан "Ost Fish" ЖШС балық өсіру кәсіпорнының қатысуымен жүзеге асырылды.
Сібір бекіресі – су экожүйесі үшін маңызы зор, қорғауды және табиғи популяциясын қалпына келтіруді қажет ететін бағалы балық түрі.
