Павлодар облысында Ертіс өзенінде қайық аударылғаннан кейін бір адам із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 12 қыркүйек күні Жанауыл ауылының маңында қайықтың аударылғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға кезінде қайықта болған адамдардың төртеуі өз күшімен жағаға шыққан. Ал 1983 жылы туған ер адам суға батып кетті деген болжам бар.
Құтқарушылардың мәліметінше, қазіргі кезде Ертіс өзенінің түбі шамамен 35 шақырым аумақта зерттелді. Сүңгуірлер шамамен 5 000 шаршы метр аумақты тексерді. Мамандар эхолоттарды да пайдаланып жатыр. Іздеу жұмыстары жалғасуда.
Төтенше жағдайлар департаменті желдің жылдамдығы секундына 15 метр және одан жоғары болған жағдайда шағын көлемді кемелермен суға шығуға болмайтынын ескертеді. Суда жүзу де адам өмірі мен денсаулығына қауіпті екені атап өтілді.
