Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынған болатын. Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымның маңызына тоқталып, оның конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым екенін атап өтті.
«Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ерлан Қошановтың мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткенін, бұл жұмысты абыроймен атқарғанын және Мәжіліс төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысқанын айтты.
«Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасына мұқият назар аударып, қолдайсыздар деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.
