Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринді президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары етіп тағайындау туралы жарлық шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Ерлан Қарин мемлекеттік кеңесші қызметін атқарған. Бұл лауазым 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енген кезде жойылады. Тоқаев 2022 жылы мемлекеттік хатшының орнына мемлекеттік кеңесші қызметін енгізіп, бұл қызметке Қаринді тағайындады.
Сонымен қатар Қарин әр жылдары Қазақстан президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі және Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
