Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин «Таза Қазақстан» бастамасын дамытудың жаңа құралдарын әзірлеуді, оның ішінде бірыңғай цифрлық платформа құруды, тазалықтың ұлттық стандартын, өңірлер рейтингін және елді жасылдандырудың онлайн-картасын жасауды ұсынды. Бұл мәселелер идеологиялық кеңес отырысында талқыланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Отырысқа Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің және бейінді орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Конституциялық құндылықтарды жүйелі ілгерілету

Отырыстың бір блогы конституциялық құндылықтарды жүйелі түрде ілгерілетуге арналды. Карин Конституцияда бекітілген қағидаттар президент реформаларының стратегиялық бағытының негізін құрайтынын атап өтті.

Оның айтуынша, мемлекеттік саясат заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етуге, жалпыұлттық бірлікті, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, мәдениетті, білімді, ғылым мен инновацияларды дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, сондай-ақ еңбекке құрмет, әлеуметтік оптимизм және жауапты патриотизмді ілгерілетуге бағытталуы тиіс.

Карин осы бағыттағы мемлекеттік аппарат жұмысының негізгі құжаттары ретінде «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» президент жарлығын және Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын атады.

Жаңа қоғамдық этика

Отырысқа қатысушылар жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруды жеке қарастырды. Мемлекеттік кеңесші жат құндылықтар мен мінез-құлық нормаларын таңудың, қоғамдық өмірді архаизациялаудың және тарихты мифологияландырудың әрекеттеріне қарсы тұру қажеттігін мәлімдеді.

Осыған байланысты ол «Заң және Тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» жобасын және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын дәйекті түрде іске асырудың маңыздылығын атап өтті. «Таза Қазақстанды» одан әрі дамыту үшін бірыңғай цифрлық платформа құру, өңірлер рейтингін қалыптастыру, тазалықтың ұлттық стандартын енгізу және Қазақстанды жасылдандырудың онлайн-картасын әзірлеу ұсынылды.

Ішкі саясаттағы стратегиялық құжаттар

Тағы бір блок ішкі саясат саласындағы стратегиялық құжаттарды іске асыруға қатысты болды. Олардың қатарында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы, діни саладағы мемлекеттік саясатты дамыту тұжырымдамасы, мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы бар.

Карин сондай-ақ «Оқырман ұлт» тұжырымдамасын және этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасын уақтылы әзірлеу қажеттігіне назар аударды.

Мемлекеттік кеңесші жалпыұлттық жобалар мен бастамалар елді жаңғыртудың жалпы бағытына кіріктірілуі тиіс екенін атап өтті.

«Ішкі саясат саласында жүйелеуді жалғастыру қажет – бірыңғай талаптарды, нақты регламенттер мен рәсімдерді бекіту керек. Қарқынды төмендетуге немесе қол жеткізілген нәтижемен тоқтап қалуға болмайды, үнемі алға жүру керек. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың сұраныстарына тиімді жауап беру, жасампаз күн тәртібі мен жаңа конституциялық құндылықтарды ілгерілету, президенттік бастамалардың сапалы және тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету», – деді Ерлан Карин.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясаттың негізгі бағыттарын практикалық іске асыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігі дайындалатынын жазған – қолданыстағы нұсқа 2013 жылдан бері жаңартылмаған. Ерлан Карин жобаны беделді ғалымдардан құралған арнайы жұмыс тобы әзірлейтінін, содан кейін құжатты ведомствоаралық комиссия қарап, бекітетінін хабарлаған.