Вице-президент Ерлан Карин мен әлемге әйгілі актер және режиссер Джеки Чанның кездесуі өтті. Кездесу барысында халықаралық кино жобалары мен кинотегі жаңа технологиялар тақырыбы қозғалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуге Джеки Чанмен бірге «Доспехи Бога» (Құдай сауыты) фильмінің командасы қатысты. Оның құрамында шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рустем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Кудайбергенов болды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологияларға, креативті индустрияларға және азаматтардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына ерекше назар аударады. Ірі халықаралық жобалар отандық киноиндустрияны дамытуға және Қазақстанды түсірілім алаңы ретінде ілгерілетуге көмектеседі», — деді Карин.

Кездесу барысында қатысушылар кинотегі жаңа технологияларды қолдану мәселесін жеке талқылады. Карин Астанада өткен Astana AI Film Festival туралы айтып берді. Бұл фестиваль Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылған. Жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер байқауына 125 елден 8 мыңнан астам өтінім түскен.

Ерлан Карин Джеки Чанға Қазақстанға деген ерекше жылы көзқарасы үшін алғыс айтып, жобаның барлық қатысушыларына шығармашылық табыс тіледі.

Қазақстанда Джеки Чанның қатысуымен «Доспехи Бога: Ультиматум» сагасының түсірілімі жүріп жатыр. Әлемдік кино жұлдызы қайтадан Азиатский Ястреб (Азиялық Қаршыға) — қазына іздеушінің рөлін сомдайды. Жаңа бөлімде ол ежелгі артефактіні іздеуге аттанады.

Қазақстандағы түсірілім маусымда басталған. Фильм Алматы, Алматы және Маңғыстау облыстарының, сондай-ақ Астана мен Түркістанның локацияларында түсіріледі деп жоспарланған. Негізгі алаңдардың бірі Маңғыстау облысындағы Бозжыра болды. Кейбір сахналар Гонконгте де түсірілді. Жекелеген эпизодтар үшін Джеки Чан Бакуге ұшып кеткен.

Бұған дейін «Курсив» Ақтау тұрғындары әлеуметтік желілерде қаланың жағалауында автобустар мен тікұшақ қатысқан жаппай сахнаның кадрларын бөліскенін жазған. Ал қыркүйекте Алматыдағы фильм түсіріліміне неміс актері Тиль Швайгер қосылды.