Братиславада күрес түрлерінен жастар (20 жасқа дейінгі) арасындағы әлем чемпионатының алғашқы жүлделер жиынтығы ойнатылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандық грек-рим күресінің балуаны Еркебулан Анапия 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медальға бір қадам жетпей қалды.

Жастар арасындағы Азияның күміс жүлдегері турнирді өзбекстандық Огарбек Аскаралиевті 10:4 есебімен жеңуден бастады. Кейін әзірбайжандық Джавидан Нахматовқа 5:7 есебімен есе жіберді. Күміс жүлде үшін күресте грек балуаны Адмантиос Пападатосты 8:1 есебімен тізе бүктіріп, қола үшін күресуге мүмкіндік алды.

Еркебуланның қарсыласы ирандық Амир Махди Мохаммад Саеди Нава үшінші орын үшін өткен белдесуде 5:3 есебімен басым түсті.

Қазақстандық грек-рим балуандары Диас Кертай (63 кг), Алихан Тагаев (87 кг) және Бахтияр Казиев (130 кг) 1/8 финалда жеңіліп, медаль үшін күреске қатыспады.

Словакия астанасында басталған Халықаралық күрес федерациясының (UWW) қолдауымен өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігіне әлемнің түкпір-түкпірінен 700-ге жуық жас спортшы келді. Олар күрестің үш түрінен – грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 120 медаль жиынтығын сарапқа салады. Братиславада Қазақстан атынан 30 спортшы – 20 жігіт және 10 қыз өнер көрсетеді.