Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сейсенбі күні Бішкекте Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізу барысында Анкараның Украинада бейбітшілік орнатуға жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ердоғанның айтуынша, Түркия аймақтағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуде маңызды рөл атқарады. Ол Ресей мен Украина арасындағы соғыстың мүмкіндігінше тезірек бейбіт аяқталуын қалайтынын жеткізді.
«Біз де, Путин мырза да Ресей мен Украина арасындағы соғыстың мүмкіндігінше тезірек бейбіт жолмен аяқталғанын қалаймыз. Біз Ресей мен Украина арасында бейбіт келіссөздер үдерісі тезірек басталып, аймақта бейбітшілік орнайды деп үміттенеміз», – деді Түркия басшысы.
Сондай-ақ, Ердоған Путинге бейбітшілік орнату үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін айтқанын мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме Түркияның Украина дағдарысын реттеудегі белсенді ұстанымын көрсетеді. Анкара бұған дейін де Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге делдал болуға дайын екенін білдірген болатын.
