Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ президенті Дональд Трамппен Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша ықтимал қадамдарды талқылауды жоспарлап отырғанын растады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Анкарадағы дипломатиялық дереккөз сейсенбі күні өтетін кездесу барысында мемлекет басшылары Украинадағы қақтығыс мәселесін талқылайтынын хабарлаған болатын.

«Біз Трамп мырзамен Украинадағы қақтығысты және осы бағытта жасалуы мүмкін қадамдарды талқылаймыз», – деді Ердоған.

Түркия Ресеймен де, Украинамен де байланыс орнатқан және бұған дейін бірнеше рет жаңа келіссөз өткізуге алаң ұсынуға дайын екенін мәлімдеген.

Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан бұған дейін тараптардың саяси ерік-жігері болған жағдайда Анкара келіссөз үдерісін қайта бастауға көмектесуге дайын екенін айтқан болатын.