Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, оны бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ердоған бұл тарихи оқиға Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендеуіне септігін тигізетінін атап өтті. Ол сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жылы лебіз білдіргені үшін және халықаралық ұйымдар құрамындағы түркиялық байқаушылар миссиясының белсенділігі үшін Түрік көшбасшысына алғыс айтты. Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар озық, заманауи әрі әділетті Қазақстан құруға бағытталғанына назар аударды.
Әңгімелесу барысында мызғымас достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың даму қарқынына оң баға берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентінің биыл мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызына тоқталды.
Тараптар алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның биыл Түркияда өтетін жоғары деңгейдегі бірқатар кездесуге шақыруын ықыласпен қабыл алды.
