Астана қалалық полиция департаменті Ербаян Мұхтардың туыстары мен полицейдің арасындағы жанжалға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде қызметтік көлікті жібермей тұрған адамдардың видеосы тарады. Сол кезде марқұм Ербаян Мұхтардың туыстары мен бір полицейдің арасында жанжал туындаған.
Қалалық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, полиция қызметкерлері марқұм Ербаян Мұхтардың денесін сот-медициналық сараптама орталығына тасымалдауды ұйымдастыру үшін келген. Сараптаманы өлімнің нақты себебін анықтау үшін өткізеді.
"Қызметтік міндетін орындау үшін келген полицейлер қарсылыққа тап болды, күш қолдану әрекеттері де болған", - делінген ресми хабарламада. Қазіргі кезде қызметтік тергеу басталды. Соның аясында жанжалға қатысқан адамдардың, соның ішінде видеодағы полицейдің әрекетіне құқықтық баға беріледі.
