VI Азия жабық ғимараттардағы және жекпе-жек өнері бойынша ойындары ресми түрде 2027 жылдың 28 наурызы мен 8 сәуірі аралығында өтетін болып шегерілді. Бұл туралы Азия олимпиадалық кеңесі (АОК) мен турнирдің жергілікті ұйымдастыру комитеті мәлімдеді, деп хабарлады ҰОК. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бастапқыда бұл ірі жарыстар Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) 2026 жылдың қараша айында өтуі тиіс болатын. Алайда ұйымдастырушылық және логистикалық мәселелерді егжей-тегжейлі қарастырғаннан кейін, сондай-ақ Ұлттық олимпиадалық комитеттермен кеңескеннен кейін өткізу мерзімін өзгертуге шешім қабылданды.
Тығыз халықаралық спорттық күнтізбені келісу және қатысушы елдердің барынша кең өкілдігін қамтамасыз ету қажеттілігі туындады.
Жарыстарға Азияның 45 мемлекетінен 4500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде.
Бұл Ойындар Сауд Арабиясы қабылдайтын АОК қамқорлығымен өтетін алғашқы көпсалалы іс-шара болады.
VI Азия жабық ғимараттардағы ойындарының бағдарламасына 18 спорт түрі (25 пән) енді, олардың қатарында 3×3 баскетбол, футзал, бокс, джиу-джитсу, карате, киберспорт, аралас жекпе-жек (ММА), шахмат және басқалары бар, онда 122 медаль комплектісі сарапқа салынады.
Ұйымдастырушылар турнирге дайындық жоспар бойынша жүріп жатқанын, ал күндердің ауыстырылуы тек спортшылар үшін оңтайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
