Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында ЕҚДБ-ның Қазақстандағы жалпы инвестиция көлемі 2026 жылы 1,3 миллиард еуроға жетеді деп күтілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Біз үшін Қазақстан маңызды елдердің бірі саналады. Биыл инвестициялық белсенділік деңгейі өте жоғары. Қазірдің өзінде жалпы сомасы 1 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Дайындалып жатқан жобаларды есепке алсақ, жыл соңына дейін инвестиция көлемі 1,3 миллиард еуроға дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл Қазақстанда жұмыс істегеннен бері қол жеткізген ең жоғары инвестициялық көрсеткішіміз болмақ», – деді ЕҚДБ басшысы.
Соңғы отыз жылда банк Қазақстандағы 354 жобаға 11 миллиард еуродан аса инвестиция құйған. Соның нәтижесінде еліміз ЕҚДБ-ның аймақтағы ірі серіктестерінің біріне айналды. Бүгінде даму институты Қазақстанда жалпы құны 3,1 миллиард еуродан асатын 131 жобаны қаржыландырып отыр.
Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстан экономикасының цифрлық трансформациясына үлес қосу арқылы инновациялық экожүйелердің қалыптасуына қолдау білдіруге дайын, деді ЕҚДБ басшысы.
