Қазақстандық жоғары оқу орындары 2026 жылы абитуриенттерге екі мыңнан астам меншікті білім гранттарын ұсынады. Сонымен қатар, университеттер оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар ұсынады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, гранттар санын, құжат қабылдау мерзімдері мен іріктеу критерийлерін әр ЖОО өз бетінше анықтайды. Бұл ретте ЕНТ нәтижелері, академиялық жетістіктер, «Алтын белгі» болуы, олимпиадалар мен байқаулардағы жеңістер, сондай-ақ абитуриенттердің әлеуметтік мәртебесі ескеріледі.
Жекелеген университеттердің ұсыныстары
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 2026–2027 оқу жылына Түркиядан 500 білім беру квотасын алды. Конкурсқа құжаттар 10-15 тамыз аралығында қабылданады. Қатысуға қолданыстағы ЕНТ сертификаты бар және университет белгілеген өту балынан төмен емес нәтиже көрсеткен Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT-олимпиадалардың, жобалар мен дарынды оқушыларға арналған байқаулардың жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді. Тағы екі грант, оқуды толық қамтитын, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар мен «Атамекен» балалар ауылының түлектеріне беріледі.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 94 грант қарастырылған. Оларды EKTU QUIZ-2026, «Ақылды Awards 2026», EKTU STAR 2026 және «Выбирай EKTU – выбирай будущее» байқауларының қорытындысы бойынша алуға болады. Грант есебінен оқу мерзімі бір жылдан төрт жылға дейін.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 19 ректорлық грант бөлді. Олар жетім балаларға, ЕНТ-дан 100 баллдан жоғары нәтиже көрсеткен, бірақ мемлекеттік грант алмаған абитуриенттерге және олимпиада жеңімпаздарына арналған.
С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті облыстық олимпиада жеңімпаздары мен «Зерделі» мектептерінің түлектеріне 20 ректорлық грант ұсынады.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 12 меншікті грант, ал Рудный индустриалды университеті әлеуметтік осал санаттағы абитуриенттерге 10 ректорлық грант бөлді.
Қарағанды индустриалды университетінде жоғары академиялық нәтижелері бар студенттер бірінші курстан кейін ЖОО қаражаты есебінен оқуын жалғастыра алады.
Атаулы гранттар мен жеңілдіктер
2026–2027 оқу жылында Нариман Ішмұхамедов атындағы атаулы грант тағайындалды. Ол оқуды толық қамтиды және ай сайын 150 мың теңге көлемінде стипендия төлеуді көздейді.
Satbayev University жұмыс берушілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың гранттарын тартады. 2025–2026 оқу жылында мұндай қолдауға 538-ден астам студент ие болды. Басымдық энергетика саласының басым мамандықтары бойынша оқитын әлеуметтік осал студенттерге беріледі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ЕНТ-дан 100 баллдан жоғары нәтиже көрсеткен абитуриенттер университет грантын ала алады. Іріктеу кезінде академиялық жетістіктер мен олимпиада жеңістері де ескеріледі.
«Тұран-Астана» университетінде «Алтын белгі» иегерлеріне, ЕНТ-дан 100 баллдан жоғары жинағандарға оқудың барлық кезеңіне ректорлық грант беріледі.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті «Алтын белгі» иегерлеріне, 100 баллдан жоғары жинаған, бірақ мемлекеттік грант алмағандарға 100 пайыздық жеңілдік береді.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде жаратылыстану пәндерінің мұғалімдерін даярлау бағдарламаларына түскен «Алтын белгі» иегерлері GPA көрсеткіші 3,5-тен төмен болмаған жағдайда 100 пайыздық жеңілдік ала алады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті «Қамқор», «Көмек», «Жәрдем» және «Зерек» бағдарламаларын ұсынады. Жекелеген санаттар үшін жеңілдік мөлшері 15-тен 100 пайызға дейін.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 14 санат бойынша жеңілдіктер қолданылады. Қолдау жетім балаларға, мүгедектігі бар студенттерге, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың өкілдеріне, «Алтын белгі» иегерлеріне, олимпиада жеңімпаздарына және басқа санаттарға қарастырылған. Жеңілдік мөлшері — 20-дан 100 пайызға дейін.
Меншікті гранттар мен жеңілдіктер алу шарттары әртүрлі ЖОО-да ерекшеленеді. Абитуриенттерге гранттар санын, құжат қабылдау мерзімдерін және қатысушыларға қойылатын талаптарды университеттердің ресми сайттарынан немесе қабылдау комиссияларынан алдын ала нақтылау ұсынылады.
Бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім грантын ала алмаған абитуриенттерге үндеу жасап, ЖОО-да тегін оқудың басқа мүмкіндіктері туралы айтқан болатын. Ал кеше «Курсив» әкімдіктен грант алу жолдары туралы жазған еді.
