Астанадағы «Астана Арена» стадионында өткен Энрике Иглесиастың концертінен кейін бірқатар көрермен аумақта қалып, қоқыс жинауға көмектесті. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараға қатысушылар концерттен кейін қалған қалдықтарды жинады. Әкімдікте жас көрермендер осылайша стадион аумағын ретке келтіруге үлес қосуды ұйғарғанын атап өтті.
«Концерт бізге көптеген жарқын эмоция сыйлады. Ол аяқталғаннан кейін біз тазалық жұмыстарына қосылып, стадион аумағында тәртіп орнатуға көмектесуді шештік. Бұл көп уақытты алмайды, бірақ осылайша әрқайсымыз қалаға, айналамызға және алаңда еңбек етіп жүрген адамдарға құрмет көрсете аламыз», — деді көрермендердің бірі.
Әкімдікте мұндай бастамалар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және ірі мәдени іс-шаралар кезінде тазалықты сақтауға бағытталғанын қоса айтты.
Бұған дейін «Курсив» Астанадағы концерттен кейін Энрике Иглесиас Алматыда өнер көрсететінін жазған болатын. Концерт 5 қыркүйекте сағат 20:00-де Орталық стадионда өтеді.
