Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев өз табысы мен мүлкін ашық жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін Астанадағы брифингте жәрдемақы тағайындау үшін қолданылатын калькулятор таныстырылған болатын. Соның негізінде әрбір адамның қай топқа кіретінін анықтауға болады.

Журналистер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың қай топқа кіретінін тексеруді ұсынды. Министр қарсылық білдірген жоқ.

Министрдің табысы мен отбасы

49 жастағы министрдің қазіргі жалақысы 1,2 млн теңгені құрайды. Оның төрт баласы бар. 29 жастағы баласының орташа жалақысы – 600 мың теңге, ал 23 жастағы баласы айына 400 мың теңге алады. Қызы мектепке барады, кенжесі әлі 4 жаста. Жұбайы жұмыс істемейді.

Мүлік туралы мәлімет

«Екі жылжымайтын мүлік бар, 60 шаршы метрлік екі бөлмелі және 100 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтерлер. Коммерциялық көлік, бизнес, жер телімдері жоқ. Өз көлігім – 2013 жылғы Toyota Camry 50», – деді Ертаев.

Калькулятор министрдің «В» тобына кіреді деген нәтижені көрсетті. Министр мемлекеттен жәрдемақы алмайтынын айтты.

«Менің отбасымда ешкім жәрдемақы алмайды. Соңғы рет 2022 жылы төртінші балам туғанда алғанбыз. Болды, одан басқа жәрдемақы алмағанбыз», – деп түйіндеді Ертаев.

Айта кетері, еңбек және халықты қорғау министрлігі жәрдемақыға мұқтаждық тобын анықтайтын калькуляторды бүгін ресми сайтында орналастыруды жоспарлап отыр.