АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі жұмыс орындарының қолжетімділігі туралы халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына назар аударды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Біз жұмысты тоқтатпау үшін шетелден мыңдаған маман тартуға мәжбүрміз. Қоғамда елімізде жұмыс жоқ деген түсінік қалыптаспауы керек. Еңбек еткісі келген адамға жұмыс табылады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жыл басынан бері жұмыс берушілер Электронды еңбек биржасында 845 мың бос жұмыс орнын жариялағанын, оның ішінде 432 мыңы жұмысшы мамандықтарға тиесілі екенін атап өтті.

«Азаматтардың 60-70%-ы жұмысқа Электронды еңбек биржасы арқылы орналасады. Бұл ретте бос жұмыс орындарының 30-40%-ы толтырылмай қалады. Қолда бар кадрға деген қажеттіліктің орнын толтыру үшін жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін тартуда. Жыл сайын елімізге 300 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істеу үшін келеді», - деді Ертаев.

Айтуынша, бұл мәселе бойынша әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр.