Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров бастаған делегация Атырау облысына жұмыс сапары аясында NCOC компаниясының Қашағандағы өндірістік нысандарын аралады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік өкілдері Каспий теңізінің акваториясына әуеден шолу жасап, жасанды "Д" аралына барды.
Жасанды "Д" аралы туралы
"Бастапқыда бұрғылау жұмыстарына арналған бұл нысан қазіргі уақытта пайдалану-технологиялық кешен ретінде қызмет атқарады және EPC2, EPC3 және EPC4 қосалқы аралдарын біріктіреді. Нысанды салу барысында шамамен 3,5 млн тонна тау жынысы пайдаланылған", - деп жазылған хабарламада.
Теңіз кешенінде жоғары қысымдағы өндірілетін флюид мұнай мен газға бөлінеді. Шикі газдың бір бөлігі қабат қысымын ұстап тұру үшін қайтадан қабатқа айдалады. Қалған газ көлемі мен мұнай құбыр жүйесі арқылы құрлықтағы "Болашақ" Мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына одан әрі экспортқа дайындау үшін тасымалданады.
Вице-министрдің мәлімдемесі
"Қашаған – әлемдегі ең күрделі теңіз жобаларының бірі. Операторға қойылатын негізгі талаптар – жабдықтардың апатсыз жұмыс істеуі, мамандардың қауіпсіздігі және Каспийдегі экологиялық стандарттардың қатаң сақталуы. Бұл әсіресе алдағы қысқы кезеңде аса маңызды", – деді Ерлан Акбаров.
Инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар
Сапар барысында аралдың қорғаныш гидротехникалық құрылыстарының және Солтүстік Каспийдің мұз жағдайында жұмыс істеуге арналған кезекші мұзжарғыштар флотының дайындығы бағаланды.
Сонымен қатар вице-министр "Шапағат" және "Қарлығаш" тұрғын үй кешендеріндегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен танысты. Ол жоба операциондық қызметіндегі қазақстандық мамандардың үлесі 90 пайыздан асатынын айтты.
Сапар аясында NCOC компаниясы Энергетика министрлігінің делегациясына "Болашақ" МГКДҚ-дағы жұмыстардың қазіргі барысы туралы ақпарат беріп, бүгінгі күнге дейінгі өндірістік қызметінің нәтижелері жөнінде есеп берді.
