Әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-та Ресей Қазақстан мұнайын Балтық теңізіндегі Усть-Луга портынан Қара теңіздегі Новороссийск портына қайта бағыттап жатыр деген ақпарат тарады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның Энергетика министрлігі Sputnik Қазақстан тілшісіне осы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Ведомство Ресей тарапынан Қазақстан мұнайын Усть-Луга портынан Новороссийск портына қайта бағыттау туралы шешім қабылданғаны жөнінде ресми ақпарат алмағанын мәлімдеді.
Министрлік Қазақстан мұнайын барлық бағыт бойынша, оның ішінде Усть-Луга және Новороссийск порттары арқылы тасымалдау мен экспорттау жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар ведомство Қазақстан мұнайының бірнеше бағыт бойынша экспортталатынын, бұл жекелеген бағыттардағы қазіргі жағдайды ескере отырып, экспорттық жеткізілімдерді икемді ұйымдастыруға мүмкіндік беретінін хабарлады.
Министрлік Қазақстан мұнайын жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша Ресей тарапымен және тасымалдауға қатысушылармен өзара іс-қимылды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
