Қазақстанның Энергетика министрлігі интернет-аукцион өткізілетінін жария етті. Ведомство 24 мұнай-газ учаскесін аукционға шығарады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Өтінімдер 5 қазанды қоса алғандағы мерзімге дейін қабылданады. Олар электронды аукциондар операторы e-qazyna сайтында қабылданады.

Шартқа сәйкес, Каспий маңы шөгінді бассейнінің аумағында толық немесе ішінара орналасқан жер қойнауы учаскелерінде геологиялық барлау жұмыстары 5 мың метрге дейінгі тереңдікте жүргізілуге тиіс.

Аукцион жеңімпаздары келісімшарт жасалған күннен бастап бір жыл ішінде барлау жұмыстарының жобасын әзірлеуге міндетті. Сондай-ақ келісімшарт жасалған күннен бастап үш жыл ішінде 2D сейсмикалық барлау бойынша ең төменгі талаптарды орындауы және төрт жыл ішінде кемінде бір ұңғыманы бұрғылау жөніндегі ең төменгі талаптарды орындауға тиіс.