Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдап, елдегі криминогендік ахуал туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Ержан Сәденовтің мәліметінше, жыл басынан бергі екі айда Қазақстанда қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға төмендеген. Негізгі қылмыс түрлері бойынша көрсеткіштер жақсарып, қылмысты ашу деңгейі артқан.
««Интернет-алаяқтықпен күрес жүйелі жалғасып жатыр. Алдын алу шаралары мен шетелдік әріптестермен бірлескен жұмыстардың арқасында киберқылмыс көлемі 4 пайызға азайды», – деді министр.»
—
Сондай-ақ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес аясында 11 топтың қызметі тоқтатылып, 71 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Есірткі бизнесіне де үлкен соққы жасалды: бес есірткі зертханасы жойылып, заңсыз айналымнан 881,5 кило түрлі есірткі заты, оның ішінде 104 килодан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
Кездесуде азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған жаңа заңнамалық бастамаларға ерекше назар аударылды. Енді елімізде дропперлік, сталкинг (қудалау) және некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
