«Samruk-Kazyna» қоры Елжас Отыншиевтің «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалғанын жариялады. Отыншиев Тоқаевтың жарлығымен қызметінен босатылған Талғат Алдыбергеновтің орнына келді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«ҚТЖ»-ның жаңа басшысы – Мәскеу физика-техникалық институтының түлегі. Ол «Жалпы және қолданбалы физика» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2007 жылы Мәскеудегі Ernst & Young компаниясының Бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу бөлімінде кеңесші ретінде бастаған. 2009–2019 жылдар аралығында ол «Samruk-Kazyna» АҚ және оның еншілес ұйымдарында қызмет еткен.

2021–2023 жылдары KIDF-те басшылық қызметтерді атқарып, инвестициялық портфельді басқаруға жетекшілік етті. 2023 жылдың сәуірінен бастап «Samruk-Kazyna» АҚ-да Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор әрі Басқарма мүшесі қызметін атқарды.

«Бұл лауазымда ол Қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да салалардағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды», – деп хабарлады компания. Отыншиев 2024 жылғы ақпаннан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі.