Елді мекендерді су тасқынынан қорғау және тасқын суын жинау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі 20 су қоймасын салады, деп хабарлады Todayinfo тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жаңа су қоймалары 11 облыста салынады.
Бес су қоймасының құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр. Жаңа су қоймалары суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді су басу қаупін азайтуға септігін тигізеді.
Сондай-ақ еліміздегі жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасына реконструкция жасалады. Бұл 70 мың адам тұратын 64 елді мекенді су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ 74 мың гектар суармалы жерге су беруді жақсартуға мүмкіндік береді.
Су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұжырымдамаға су тасқынының алдын алу және еріген қар суын жинап, оны одан әрі ауыл шаруашылығында және басқа да мақсаттарға пайдалану жөнінде іс-шаралар енгізіледі.
Су қоймаларындағы қазіргі жағдайға келетін болсақ, дәл осы сағатта:
- 01Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, өңірдегі екі ірі су қоймасы 92% су жинады.
- 01Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100% толды. С тасқыны жалғасып жатыр.
- 01Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 70%-ға толды. Иреклі су қоймасынан жіберілген су Қазақстан шекарасына әзірге жеткен жоқ. Бұл су 15-20 сәуірде келеді деп күтіліп отыр. Облыста министрліктің және облыс әкімдігінің мамандары бірлесіп су өткізуді реттеу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
- 01Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көлемі – 84,8%. Өңірде су тасқыны басталды, сондықтан Ертіс су қоймалары бойынша су жіберіліп жатыр.
- 01Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 99% су жинады. Өңірде су тасқынының белсенді кезеңі өтті, бірақ Жабай өзенінің реттелмейтін ағыны артып келеді. Сондықтан Ақмола облысының Атбасар ауданында су тасқыны қаупі бар. Министрлік, өңір әкімдігі және ТЖД қауіптің алдын алу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр.
- 01Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 97%-ға толды. Өңірдегі жағдай тұрақты.
- 01Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100% толып, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Жағдай тұрақты.
Еліміздегі барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік және сағат сайын мониторинг жалғасып жатыр. Сондай-ақ министрлік мамандарының тасқын суын апатсыз өткізу және оны жинау жұмыстарын қадағалау үшін өңірлерде жүргенін айта кету керек. Мысалы, «Қазсушар» басшылығы Атырау облысының су шаруашылығы құрылыстарын Жайық өзені арқылы келетін үлкен көлемдегі суды өткізуге дайындауға атсалысып жатыр.