Ішкі істер министрлігі бүгіннен бастап электрсамокаттарға қатысты күшіне енген талаптарды түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа ережеге сәйкес, жалға берілетін барлық электрсамокатқа тіркеу нөмірі беріледі. Сол арқылы заң бұзған самокаттар анықталады. Ал самокат мінген адамның сақтандыру полисі болуы қажет.
Кикшеринг компанияларының міндеттері: - электрсамокаттардың техникалық жағдайын қамтамасыз ету; - олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылау; - белгіленген жерде жылдамдықты автоматты түрде шектеу; - самокатты ретсіз қалдыруға жол бермеу; - есебін жүргізу; - қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына жолдау.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтың айтуынша, егер самокатты пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, ол жүріс жолымен жүрмеуі тиіс. Электрсамокаттар велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүруі керек. Олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға болады.
Тротуарда жүрген кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс. Алайда 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуар мен жаяу жүргінші жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Ал жолдың жиегімен тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты және арнайы шлемі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі.
Қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтер болуы шарт. Бұдан бөлек, электрсамокатпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға болмайды. Жаяу жүргіншілер өткелі арқылы самокаттан түсіп өту керек.
