2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында биыл электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жылыту маусымына дайындық жұмыстары үзіліссіз жалғасып жатыр. Қаржыландыру көлемі қайтадан ұлғайтылды – биыл тек электр стансаларын жөндеуге нысан иелері 384 млрд теңге бөліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Айта кетері, бұл қаражат электр энергиясының тарифі есебінен қалыптасады.
Әрбір станса жөндеу жұмыстарын бірінші кезекте жүргізуді қажет ететін ең тозған учаскелерді өз бетінше айқындайды. Қазіргі уақытта ерекше бақылауда тәуекелдің «қызыл» аймағында тұрған 5 жылу энергетикалық нысан бар: Семей, Орал, Тараз қалаларындағы ЖЭО, Ақтау қаласындағы ЖЭО-2 және Теміртаудағы ГРЭС-1.
Жыл қорытындысы бойынша электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
