Қазақстандық экономист Әнуар Нұртазин Қырғызстанның Nomad TV телеарнасына берген сұхбатында Украина дрондарының Каспий құбыр консорциумының (КҚК) танкерлеріне жасаған шабуылы ең алдымен АҚШ-қа зиян келтіруі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Түсінгеніміздей, бұл жағдайда соққы америкалық тарап жалға алған танкерлерге бағытталған. Сондықтан негізгі шығын АҚШ тарапына келуі мүмкін», – деді сарапшы.
Нұртазиннің айтуынша, Қазақстан келтірілген залалды өтеу үшін бірқатар халықаралық ұйымға жүгіне алады. Алайда мұндай қадам халықаралық арбитражда Қазақстан үшін тиімсіз прецедентке айналуы ықтимал. Сарапшының пікірінше, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің халықаралық құқықтық алаңдағы саяси ықпалы әзірге жеткіліксіз.
Сонымен қатар, жағдайдан хабардар дереккөздің айтуынша, егер шабуыл салдарынан танкер жарылған жағдайда, сыртқы айлақ құрылғылары да зақымдануы мүмкін еді. Бұл КҚК-да тек бір ғана айлақ құрылғысының қалуына әкеліп, Қазақстанның мұнай экспортын айтарлықтай қиындатуы ықтимал еді.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі серіктес елдерді КҚК теңіз терминалындағы танкерлерге жасалған шабуылдарды айыптауға шақырған еді. Осы оқиғалардан кейін КҚК терминалында қазақстандық мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. КҚК құбыры арқылы Қазақстанның экспортқа шығаратын мұнайының шамамен 80%-ы тасымалданады.
