«Мойынқұм» атом электр станциясын салатын орын анықталды. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Құрылтайда мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, «Балқаш» АЭС-інің инженерлік-іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Ал «Мойынқұм» АЭС-ін салу үшін Алматы облысының Жамбыл ауданы таңдалған. Қазір жоба бойынша тиісті үкіметаралық құжаттар әзірленіп жатыр.
«Балқаш» АЭС-і: келісімдер мен құрылыс жоспары
Сәтқалиевтің айтуынша, 2026 жылғы мамырда «Балқаш» АЭС құрылысының негізгі шарттары мен қағидаттары, сондай-ақ жобаны қаржыландыру мәселелері бойынша үкіметаралық келісімдерге қол қойылып, маусымда ратификацияланған. 2026 жылғы қыркүйекте EPC-келісімшартқа қол қойылды.
«Бұл құжаттар „Балқаш“ АЭС құрылысын іс жүзінде жүзеге асыруға негіз қалады. 2027 жылы станция алаңында құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр», – деді агенттік басшысы.
Уранның стратегиялық резерві
Қазақстан 2050 жылға дейін 150 мың тонна уран қорын жинақтауды жоспарлап отыр. Болашақ атом электр станцияларын ядролық отынмен қамтамасыз ету үшін Қазақстанда уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру мәселесі қарастырылып жатыр.
«Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту стратегиясында 2050 жылға дейін кемінде 150 мың тонна уран қорын резервтеу, сондай-ақ уранның стратегиялық резервін құрудың тұжырымдамалық тәсілдерін әзірлеп, бекіту көзделген», – деді Сәтқалиев.
Жергілікті қамту үлесі 30%-ға жетеді
Алмасадам Сәтқалиев алғашқы атом электр станциясын салу кезінде жергілікті қамту үлесін 30%-ға жеткізу жоспарланғанын айтты. Осы мақсатта атом саласындағы өндірісті жергіліктендіруді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Ол төрт бағыт бойынша 22 іс-шараны қамтиды.
Агенттік басшысының айтуынша, 2026 жылғы 3 қыркүйекте EPC-келісімшартқа қол қойылуы отандық кәсіпорындарды АЭС құрылысына қажетті тауарлар мен қызметтерді жеткізу тізбегіне тартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте сапа мен қауіпсіздік талаптары ескеріледі.
Мыңдаған жұмысшы қажет
Сондай-ақ бір атом электр станциясын екі энергоблокпен салу кезінде құрылыс жұмыстарының ең қызған кезеңінде 10 мыңнан астам жұмысшы қажет болады. Ал станцияны кейін пайдалануға шамамен 1,8 мың маман керек.
