Павлодар облысының Екібастұз қаласында синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың қызметінің жолы кесілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Арнайы іс-шаралардың нәтижесінде жергілікті тұрғындар — ағайынды екі азамат ұсталды. Олар тұрғын үйдің ауласында тыйым салынған заттарды синтездеуге жабдықталған гаражда "синтетиканы" ірі көлемде өндіруді жолға қойған.

Тінту барысында 10 келіден астам "альфа-PVP" психотроптық заты, 860 литр химиялық сұйықтық, оның ішінде 300 литрлік реактор-сыйымдылық, зертханалық ыдыстар, таразылар және жеке қорғаныс құралдары тәркіленді.

Күдіктілердің әрекеттерін "Signal" мессенджеріндегі куратор үйлестіріп отырғаны анықталды. Ол есірткі өндірудің бүкіл циклін бақылап, оларға прекурсорлар салынған жасырын орындарды қалдырып отырған.

"Есірткі өндірісін ұйымдастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Енді ұйымдастырушыларға тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаң жазалау шарасы тағайындалуы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.

Полиция хабарлауынша, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Прекурсорларды жеткізу арналарын, сондай-ақ есірткі бизнесін ұйымдастыруға қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау бойынша одан әрі іс-шаралар жүргізіліп жатыр.