Екатеринбург қаласында өтіп жатқан Халықаралық жастар фестивалінде Қазақстанның әлемдік саясаттағы рөлі талқыланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев «Көпполярлы әлемдегі көшбасшылық: халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасында елдің позициясын не айқындайды» интерактивті сессиясына қатысып, үлкен Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан үшін маңызды үш нәрсені атады.
«Біріншісі – ішкі тұрақтылық. Сондықтан біз адами капиталды, технологияларды, инфрақұрылым мен логистиканы дамытып жатырмыз. Екіншісі – біз елдер мен құрлықтарды байланыстыра білуіміз, өзара іс-қимыл кеңістігін құруымыз қажет. Қазақстан әрқашан өз сөзін ұстанатын адал, тең құқылы серіктес болуға тиіс», – деді Абаев.
Осы орайда елші жаһандық қауіпсіздік архитектурасының ауқымды трансформациясы жағдайында президент Тоқаевтың «орта державалардың» әлемдік саясаттағы рөліне қатысты тұжырымдамалық көзқарасы ерекше маңызға ие екенін де еске салды.
Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова да Қазақстанның халықаралық аренадағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның ойынша, Қазақстанның әлеуеті «орта держава» шеңберінен асып түседі.
«Қазақстан әлемге және біздің Еуразия құрлығына орасан зор үлес қосты, соның бірі – өркениетаралық үлес. Дәл осы Қазақстанда мәдениеттер, діндер мен өркениеттер диалогына байланысты түрлі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары басталған болатын. Біз әріптестерімізді мақтан тұттық және осы идеяларды насихаттау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық», – деп атап көрсетті Захарова.
Ал «Болашақ дағдылары: галстуксіз диалог» сессиясында қазіргі жағдайда қажетті дағдылар талқыланды.
«Біріншісі – қайта үйрену қабілеті. Екінші қабілет – дұрыс сұрақтар қоя білу. Үшіншісі – келісе алу, өзгені ести білу қабілеті», – дейді Абаев.
Оның айтуынша, болашақта адамға өз бағытын жоғалтпай, белгісіздік жағдайында өмір сүру қабілеті де қажет болады. Ал бұл эмоционалды жетілуді, өзін-өзі тәрбиелеуді және зейінді шоғырландыра білуді талап етеді.
Елші қазіргі жастардың осыны үйренуге және біздің ортақ болашағымызды айқындайтын басқа да көп дағдылар мен қабілеттерді меңгеруге толық мүмкіндігі бар екеніне сенім білдірді.
«Болашақ көшбасшыларға айтар кеңесім – ең алдымен, жақсы адам, өз ісінің кәсіби маманы болыңыздар және әлеуметтік капиталыңызды үнемі арттырып отырыңыздар», – деді ол.
Айта кетері, Халықаралық жастар фестивалі Екатеринбургте 11-17 қыркүйек аралығында өтеді. Оған әлемнің 191 елінен 14 пен 35 жас аралығындағы 10 мың адам қатысуда. Олардың қатарында 200 қазақстандық бар.
