eGov пен eGov Mobile қосымшасында жәрдемақыдан бас тарту қызметі іске қосылады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықбаев мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Вице-министрдің айтуынша, бүгін-ертең отбасының жәрдемақыға мұқтаждығын анықтайтын калькулятор министрлік ресми сайтында және eGov-та қолжетімді болады.
«Келесі аптада жәрдемақыдан өз еркімен бас тарту сервисі іске қосылады. Одан кейін eGov-та отбасының төлқұжаты орналастырылады», — деді Жазықбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетейік, бүгінгі брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев өз отбасының әл-ауқат деңгейін калькулятор арқылы тексеріп көрді. Есептеу нәтижесінде министрдің отбасы «В» тобына жатқызылды. Алайда министр 2022 жылдан бері жәрдемақы алмайтынын мәлімдеді.
