eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған жаңа сервис пайда болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Калькулятор 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында іске қосылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Калькулятордың мүмкіндіктері
Калькулятор арқылы азаматтар отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысып, отбасының саламаттылық деңгейін анықтай алады. Бұл ретте отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, отбасы құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы сияқты әлеуметтік жағдайлар да ескеріледі.
Бағалау көрсеткіштері
Бағалау алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішке сүйенеді. Айта кетерлігі, есеп адамның өзі енгізген мәліметтер негізінде жүргізіледі және тек ақпараттық сипатқа ие.
Яғни калькулятордың нәтижесі әлеуметтік төлем тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды.
Бұған дейін Sputnik Kazakhstan хабарлағандай, жәрдемақы алушы отбасының жағдайы қалай бағаланатыны туралы ақпарат берілген болатын.
